Қанды Қаңтар: Елді есеңгіреткен трагедияға төрт жыл
2022 жылдың басы Қазақстан үшін бетбұрыс кезеңіне айналды. Қаңтардың алғашқы күндерінде тұтанған наразылықтар ел тарихына соны әріппен қатталып, халық жадында мәңгілікке сақталды.
Masa Media тілшісі Қаңтар оқиғасының төрт жылдығына орай болған жайттардың қысқаша хронологиясын жинақтады.
2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына – литрі 60 теңгеден 120 теңгеге дейін өсуіне байланысты наразылыққа шықты. Митингілер бейбіт сипатта өтті. Талап біреу ғана –жанармай бағасын бұрынғы деңгейге түсіру болды.
Фото: Азамат Сәрсенбаев
Бір тәулік ішінде толқулар Маңғыстау облысының басқа елді мекендеріне, кейін республикадағы бірқатар ірі қалаларға тарады.
3–4 қаңтарда жаңаөзендіктерді қолдау мақсатындағы акциялар Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Шымкент және өзге де елді мекендерде өтті. Наразылыққа қатысушылардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Фото: Азамат Сәрсенбаев
Маңғыстау облысының билігі газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендететінін мәлімдеді. Алайда бұл шешім наразылықты тоқтата алған жоқ: демонстранттар бағаның жалпы өсуіне наразы болып, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы шықты. Үкіметтің отставкасын талап етті.
4 қаңтарда наразылық күшейді. Алматыда мыңдаған адам көшеге шықты. Күш құрылымдары наразы топты басу үшін көзден жас ағызатын газ, жарық-дыбыс гранаталары мен резеңке оқтарды қолданды. Жағдай тез ушығып, наразылардың қарасы арта берді.
Фото: Ruslan Pryanikov / AFP via Getty Images
5 қаңтарға қараған түні қалада қақтығыстар басталды. Полиция көліктері мен әкімдік ғимараты өртелді. Бейбіт наразылық білдірушілер де, тәртіпсіздіктер де болғаны хабарланды.
Премьер-министр Асқар Мамин бастаған Үкімет отставкаға кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алып, төтенше жағдай режимін жариялады.
6 қаңтарда мемлекет басшысы елге террористік топтардың шабуыл жасағанын мәлімдеп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегіне жүгінді.
Осы күндері ел аумағында интернет байланысы толық өшірілді. Соған қарамастан кейбір азаматтар желіге қосылып, ақпарат тарата бастады. Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы хабарланды.

Фото: РФ Қорғаныс министрлігі
7 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық тәртіптің қалпына келтірілгенін мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты.
Фото: Александр Кузнецов / EPA-EFE
8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды.
Фото: РИА Новости / Алексей Никольский
10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
13 қаңтарда ҰҚШҰ күштерін шығару басталды. Сол күні Мәсімовтің орынбасарлары да ұсталғаны хабарланды.
18 қаңтарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жасады. Тұңғыш Президент бүкіл билік Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында екенін атап өтіп, өзінің «зейнеткер» екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Бас прокуратураның дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты. 1 396 адам сотталды, олардың 1 198-і кейін рақымшылыққа ілікті.
Ішкі істер министрлігінің 22 қызметкері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 12 қызметкері ұсталғандарды азаптағаны үшін сотталды.
16:07
137
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.